Өмір дейтін ұлы көште әр адам өзінше із қалдырып, керуен тартады. Әуелі ата-анам, балалық шағым деп басталатын адами ғұмыр ауылым, туған жерім, Отаным деп жалғасқан азаматтық рухта, содан соң елім, ұлтым, әулетім деген биік парасатты ұғымдармен ұштасса керекті. Міне, осындай өнегілі ғұмыр, ізгі көштің иесі Мадияр Елеуұлы.

М. Елеуұлы қазақ жеріндегі отырықшы елді мекендер мен қалалардың пайда болуын, қалыптасуын және даму тарихын кеңінен зерттеп жүрген білікті маман, кәсіпқой археолог, 40 жылдық тәжірибесі бар ұстаз. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. Бүгінде 70 жастың қырқасына шығып отырған ғалыммен өткізген сыр-сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

- Мадияр аға, әңгіменің әлқиссасын туған өлке, өскен орта, балалық шағыңыз жайлы естеліктерден бастасақ.

 - Мен 1946 жылы мамырда Қызылорда облысының  Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылында дүниеге келдім. Балалық шақ, туып-өскен орта сол ауылда өтті. Сонау алыста қалған қызығы мол, сағынышты шақтардан есте қалғаны сол кездегі адамдардың туған туысқа, бір-біріне деген бауырмалдығы болды.

7 класты ауылда, қалған 4 кластарды аудан орталығы Шиелідегі №147 қазақ орта мектебінен аяқтадым. Жалпы мектепте керемет оқыдым деп мақтана алмаймын, үйдің кенжесі болғандықтан шығар бұзықтау болғаным рас. Бастауыш мектептен бастап тарихшы болуды армандым. Менің тарихшы болсам деген арманымды қолдап бағыт-бағдар берген тарих және география пәнінің мұғалімі Әлішерхан Молдахметов ағайға әр кез алғыс айтып жүремін. Мектепте бірге оқыған балалық пен бозбалалықты бірге өткізген достармен араласып тұрамыз. Олармен кездескен кезде сол бір бақытты, қызықты шақтарды жиі еске аламыз.

- Археология саласына қалай келдіңіз?

- Мен туып өскен Сырдың бойы аңыз-әңгімеге, тарихи-мәдени ескерткіштерге өте бай өлке. Бала кезімде біздің үйде ауылдың ақсақалдары жиі бас қосып Қаратау мен Сырға қатысты қызықты оқиғаларды, аңыз әңгімелерді айтып отыратын. Кейде әңгімеге араласып өзім бұрын естімеген жер-су аттарына баланысты  сұрағанымда, олар: «Бұл сұрақтарыңа жауапты сен оқымысты болғанда біз сенен сұраймыз» – деп күлетін. Жастайымнан Қаратаудың табиғатын тамашалап, Мортық, Күйеутам, Бестамға қызыға қарап олардың құпиясын ашсам деген қызыушылық мені археологияға алып келді.

- Неліктен ортағасыр кезеңін немесе қала зерттеуді таңдадыңыз?

- Орта мектепті бітіргеннен соң тарихшы болуды армандап 1965-1966 жылдарда ҚазМУ-ға оқуға келдім, бірақ жолым болмады. Үш жыл КСРО соғыс-теңіз флотында әскери міндетімді атқарып келген соң өзім армандап жүрген ҚазМУ-дың тарих факултетіне оқуға түстім. Ортағасыр археологиясын таңдауыма бағыт-бағдар берген археология және этнология кафедрасының меңгерушілері, елімізге, алыс-жақын шетелдерге белгілі ғалымдар Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев, Уахит Хамзаұлы Шәлекенов және Тайся Николоевна Сенигова, өзімнің ұстазым, досым Нұртаза Орынқанұлы Алдабергенов болды. Археологияның осы кезеңін таңдауыма 1973 жылы Түркістан археологиялық экспедициясының  жұмысына қатысып ең алғашқы қазбамда Тәуке ханның кесенесін ашып, Құмшық ата кесенесін тауып, Күлтөбеде қазба жүргізгенім себепкер болды және мамандық таңдауда қателеспегеніме көзімді жеткізді, сенімімді еселеп өсірді. Қазақстанның ортағасырлық қалалары мен елді мекендерін зерттеуге қатысып өзімнің азды-көпті үлесімді қосып жүргеніме, балалық шақтан армандаған мамандығым бойынша жұмыс атқарып келе жатқаныма шүкіршілік етемін.

 

2

- 40 жылдан аса ғұмырыңызды осы ғылым саласына арнадыңыз. Артық кетті, кем қалды деген тұстары барма?

  - 1973-2015 жылдар аралығында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола облыстарында археологиялық экспедициялардың жұмысына қатысып, өзім жетекшілік еттім. Менің жүргізіп келе жатқан зерттеу жұмыстарымды келесі бағыттар бойынша топтастыруға болады: біріншіден, Қазақ жеріндегі ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің таралу аймағын анықтау, олардың қалыптасу тарихын, даму кезеңдерін, тарихи-топографиясын, қорғаныс жүйесін зерттеу; екіншіден, осы уақытқа дейін есепке алынбағын, ғылымға белгісіз ескерткіштерді ашып, зерттеу; үшіншіден, Ұлы Жібек жолымен Қазақстанның ежелгі, ортағасырлық кеуен жолдарын зерттеу; төртіншіден, археологиялық ескерткіштердің жинақтарын даярлап шығару; бесіншіден, апатты жағдайдағы (табиғи апаттан, әр түрлі шаруашылық жұмыстары барысында бұзылған) ортағасырлық қалалар мен елді мекендерді зерттеу. Осы бағыттар бойынша  нақтылы істелген жұмыстарға қысқаша шолу жасасақ. 1974-2015 жылдар аралығында Шу, Талас өңірлері мен Қаратауда, Сырдарияның орта ағысында жүргізген зерттеу жұмыстарының барысында әр тарихи-географиялық ауданда орналасқан ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің санын анықтап, олардың тарихи-топографиялық құрылымын зерттеп, қалалар мен елді мекендерде қазба жұмыстарын жүргізіп, олардың қалыптасу тарихын, даму кезеңдерін және қорғаныс жүйесін зерттедім. Жүргізлген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде кандидаттық, докторлық диссертация қорғадым.

Осы жылдар аралығында 2000-нан астам бұрын есепке алынбаған археологилық ескерткіштерді ашып, ғылыми айналымға енгіздім, олардың қатарында тас ғасырының ескерткіштері, әр түрлі тарихи кезеңдерден сақталған обалар, тасқа салынған суреттер және 300-ден аса ортағасырлық қалалар мен елді мекендер, қарауылмұнаралары бар. Жүргізілген зерттеулердің барысында алынған тың деректердің негізінде 430-дан астам ғылыми мақалалар, бірнеше монографиялық еңбектер мен оқуылықтар, оқу құралдары жарияланды.

Жүргізілген зерттеу жұмыстарының барысында Ұлы Жібек жолының Қазақ жері арқылы өткен тармағының бағытын анықтап, Шу, Талас өңірлері мен Қаратаудың, Сырдарияның орта ағысындағы ежелгі, ортағасырлық керуен жолдарының бағыттарын зерттедім. Олардың қатарында Шу жолы, Хан жолы, Телкөл жолы, Ұлы жол (Көсегенің көк жоны) және осы жолдармен байланысты Сырдың бойындағы ортағасырлық қалалардан шығып Қаратаудан асатын 20 ға жуық керуен жолдарының бағыттары бар.

2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастарған «Ұлы көш жолы» экспедициясының жұмысына қатысып, Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Ұлы көштің Сырдың бойындағы қалалардан шығып Қаратаудан асып, Мойынқұм арқылы Шу мен Қозыбасыға дейін жүрген жолының бағытын халық жадында сақталған аңыз әңгімелер мен осы аңызда аталған жер-су мен ортағасырлық қалаларға байланысты анықтап, картасын жасадым.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу, қорғау олардың жинағын шығару жөнінде шама-шарқымызға қарай бірқатар жұмыстар атқардық. 2004 жылы Қазақстанда тұңғыш рет «Түлкібас ауданының археологиялық ескерткіштері», 2008 жылы «Қарақұр ескерткіштері» атты жеке ауданның және ауылдық округтің археологиялық ескерткіштері жинақ болып шықты. Сонымен қатар Жамбыл, Қызылорда облыстарының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинақтарын шығаруға белсене араластым. Қазіргі күнде біздің қолымызда Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан, Бәйдібек, Созақ, Жамбыл облысының Жуалы, Шу аудандарының және бірқатар ауылдық округтердің археологиялық ескерткіштерінің жинағының қолжазбазалары бар. Қаражат болса осы жинақтарды баспадан шығару көкейімде жүрген үмітердің бірі.

- Ескерткіштердің қорғалуы мен сақталуы жайлы соңғы уақытта сыни пікірлер жиі айтылып жүр. Осыған байланысты маман ретіндегі ойыңыз қандай және өз тарапыңыздан бұл іске нендей қызмет жасай алдыңыз?

-  Елімізде тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен сақтау және оларды пайдалану жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылды және атқарылып та жатыр. Сіз айтып отырғандай соңғы жылдарда осы мәселеге қатысты сын пікірлердің айтылып жүргенін білемін және тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі жай-күйі туралы, оларды есепке алу, сақтау, қорғау туралы Республикалық баспасөз беттерінде пікір айтып, ұсыныстар жасап жүрген авторлардың бірімін. Ащы да болса шындық, күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасында қанша тарихи-мәдени ескерткіш бар екенін бір Алладан басқа ешкім білмейді. Ол жөнінде ҚР Мәдениет және Спорт министрілігінде нақты мәлімет жоқ десем қателеспеймін. Елімізде 1992 жылы 2 шілдеде қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының кей баптарының ескіргендігі немесе орындала бермейтіндігінен тарихи-мәдени ескерткіштердің бұзылуына жол беріліп келді. Өкінішке қарай бұзылып кеткен және бұзылып жатқан ескерткіштердің қатарында жергілікті және республикалық маңызы бар ескерткіштерде бар.

Біз зерттеп жүрген ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің барлығы табиғи апаттан бұзылып жатқан ескерткіштер. Олардың қатарында ортағасырлық Ақтөбе, Түймекент, Тастұмсық, Тамды (Жамбыл облысы), Жартытөбе, Төрткүлтөбе, Жамбасарық (Оңтүстік Қазақстан облысы), Бестам, Сортөбе (Қызылорда облысы) қалалары мен елді мекендері бар. Зерттеу барысында апатты жағдайдағы қалалардың экологиялық ахуалына тоқталып, олардың қорғау аймағын белгілеу жөнінде тиісті мемлекеттік мекемелерге ұсыныстар жасадық. «Ескерусіз қалған ескерткіштер» атты еңбекте Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарындағы апатты жағдайдағы ескерткіштер туралы жазылған, ал «Ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қаласының бұзылу тарихы» деген еңбекте осы қаланың ХІХ ғасырдың соңынан 2015 жылға дейінгі бұзылу тарихы көрсетілген. 2011 жылы Тамды қаласында «Табиғи апаттан бұзылып жатқан тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу және оларды аспан асты ашық музейіне айналдыру мәселелері» тақырыбында далалық семинар өткізіп, оның, материалдарын жарияладық.

Өкініштісі, сол құзырлы мекемелер тарапынан апатты жағдайдағы ескерткіштерді есепке алып, оларды сақтап қалу, қорғау, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудің механизмдері өте әлсіз. Апатты жағдайдағы ескерткіштерге деген көзқарасты түпкілікті өзгертпесек арада бірнеше жыл өткенде бірқатар ортағасырлық қалалар мен елді мекендер біржолата бұзылып, олардың ізі де қалмайды.

- Қазақстан археологиясының алдағы басым бағыттары қандай болу керек?

- Бұл сұрақ бүгінгі күнде Қазақстан археологтарының алдында тұрған аса өзекті мәселе болып отыр. Мәселен  Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері бірнеше жылдан бері, жылдың басында үш-төрт ай кезектен тыс демалысқа жіберіліп жүр. Себебі қызметкерлерге төленетін қаражат жоқ. Қазіргі қалыптасқан тәртіп бойынша еліміздегі археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары тек гранттық жобалар бойынша іске асырылуда, соңғы жылдарда ондай жобалардың саны да азайып, бөлінетін қаржының көлемі айтарлықтай қысқарды.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып еліміздегі археологиялық зерттеулер толық қарқынды жүріп жатыр деп айта алмаймын. Сондықтан мемлекет тарапынан археологиялық ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың тиімді жолдарын қарастырып, оларды археологияның әр саласы бойынша реттеп отыру қажет. Ал енді, археологияның қазіргі бағытына келсек елімізде археологиялық зерттеулерді жүргізудің ұзақ мерзімге бағытталған ғылыми-идеологиялық бағдарламасы жасалу қажет.

- Археолог өміріне қайтып оралсақ. Күннің аптап ыстығы, шаң-дауыл мен жаңбырлы табиғаттың қатал мінезімен тайталаса жүріп ғылыммен айналысу үшін айрықша ерік-жігер қажет сияқты...

- Археолог болу үшін ерекше қасиет, қабілет болу шарт емес, ең бастысы археолог өзінің отанын сүйетін, оның тарихын зерттеуге бүкіл ғұмырын арнауға тәуекелі жететін азамат болуы керек. Менің түсінігімше археолог қастерлі мамандық, сондықтан да оған көп ойланып, осы мамандықтың қиындығы мен қызығына даяр болғанда ғана келу керек. Себебі бұл жаныңмен, тәніңнің, төзімін ақыл-парасатыңмен ұштастыра отырып нәтиже шығаратын ғылым саласы. Археология - көлденең көк аттының жүретін жолы емес.

- Жалпы бұл мамандық жыныс таңдай ма?

- Археолог болу жыныс таңдайтын мамандық деп айта алмаймын. Дегенмен, қыздар үшін осы мамандықты таңдаған кезде алдын ала барлығын ескеріп, батыл шешім қабылдау керек. Қазіргі күнде археолог болып жүрген қаракөздеріміз жемісті еңбек етіп жүр.

- Осынау қиын да қызық мамандық саласына шәкірт тәрбиелеудің қыр-сырымен бөліссеңіз және шәкірттеріңіз жайлы айтсаңыз?

- Ұстаз болғандықтан осы мамандықты таңдап оқуға түскен болашақ археологтарға бұл мамандықтың қиындығы, қызығы туралы жиі айтып жүрмін. Қазіргі күнде елімізге, алыс жақын шетелдерге белгілі шәкірттерім бар. Олардың арасында ғылым докторлары, кандидаттары, PhD докторанттар мен магистрлер бар. Шәкірттерім Мұхтар Қожа, Докей Талеев, Ералы Ақымбектің жеткен жетістіктері мені қуантады.

- Далалық қазбада жүріп бастан өткерген қызықты оқиғалардан айтып берсеңіз?

- 40 жылдан аса археологиялық экспедицияда жүріп талай қызықты оқиғаларға куә болдым...

 1982 жылы 1 тамыз күні Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына экспедицияға кеттім. Сол кезде жолдасымның аяғы ауыр болатын.  Дәрігерлердің есебінде қарағанда ол тамыздың ортасында босануы мүмкін еді. 11 тамыз күні таңертең ерте ояндым. «Мадияр бүгін Алматыға баруың керек» деген бір ой күні бойы мазалаумен болды. Кешке жолға шықтық. Түнгі сағат 2-ге 15 минут қалғанда университеттің «Аспиранттар үйіне» келсек есіктің алдында тұрған жедел-жәрдем машинасына жолдасым отырып жатыр екен. Перзентханға бірге бардық, арада бірнеше минут өткенде екінші қабаттағы терезеден медбике: «Аға, қызды болдыңыз!», - деп хабарлады. Шамасы Алла Шынарымның дүниеге келетінін маған сездірген болса керек. Арада екі күн өткенде қызыммен жолдасымды перзентхандан алып шығума уақытым болмай, жолдасымның рұқсатымен экспедицияға кетіп қалдым. Сонан бері арада 34 жыл өтсе де кейде жолдасым Шынарыма әзілдеп: «Мына әкең бізді перзентханаға тастап кеткен» дейді күліп.

- Отбасыңыз жайында айта отырсаңыз.

- Отбасына келсек өзімді, менің мамандығымды жақсы түсінетін өмірлік серігім Жанат Алтынбекқызы, ұл-қыздарым, немере, жиендерім бар. Төрт балам Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, кенже қызым Каспий университетін, кенже ұлым КИМЭП-ті бітірген. Балаларым өздері таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Үлкен ұлым Америкада PhD докторлығын қорғаған.

- Сіздің жолыңызды таңдағысы келген немесе таңдаған балаларыңыз бар ма, жалпы олармен ғылым жайлы жиі сөйлесесіз бе?

- Ұл-қыздарымның ішінде археология мамандығын таңдағандары жоқ. Басымыз қосылғанда сөз жоқ археология туралы пікір алмасамыз. Олар менің жеткен жетістіктеріме ерекше қуанады. Бізді еліміздегі ғылым ісінің қазіргі жай-күйі қатты толғандырады.

- Сіздің буынның, әсіресе ғалымдардың арасындағы үлкен мәселенің бірі - тіл. Отбасында балаларыңызбен, немерелеріңізбен қай тілде сөйлесесіз?

- Тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Менің түсінігімде дүниеге  келген сәбидің тілі – қазақ тілінде шығып, ол қазақша ойлауы керек. Басқа тілдерді мектепке барғасын үйренсе де кеш болмайды. Немере, жиендерім өзінің қазақ екеніне мақтанады, тегін біледі. Немере тәрбиелеп отырған ата ретінде мені Алматы қаласында қазақ балабақшаларының аздығы, жетіспейдіндігі қатты толғандырады. Аралас бала-бақша деген қате түсінік. Бала-бақша бір тілді болуы керек.

- Мадияр аға, әу баста археология саласын таңдағаныңыз үшін өкінбейсіз бе?

- Мен саналы ғұмырымды осы салаға арнап, ғылым жолында еңбек етіп, археолгияның қызығы мен қиындығын бір кісідей көріп келе жатырмын және осы мамандықты таңдағаныма, археолог болғаныма қасқағым сәтке болса да өкінген емеспін. Егер маған қайтадан таңдай берілсе, ойланбастан археолог болам дер едім.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сырым Есенов

 Дереккөз http://www.jaqsy.kz/article?id=604