Тарихи құндылықтарды түгендеп, парасат пайымымен бағамдау өркениетті қоғамның айрықша бір белгісі. Өркениеті озық елдер мəдени мұраны қорғау мен пайдалану мəселелеріне үлкен ыждаһаттылықпен қарайды. Тиісті заңнамалар жетілдіріліп, жұмысты ұйымдастырудың тиімді жолдары қарастырылады. Барлық ежелгі нысандарды тақ меншігі деп жариялаған Шведия королінің 1666 жылғы жарлығы əлемдегі алғашқы заңнамалық акт болып саналады. Одан бергі уақытта мəдени мұраға қатысты заңнамалық, басқару мен бақылау жүйесі халықаралық қауымдастық, соның ішінде ЮНЕСКО бағыты бойынша жетілдіріліп, іске асырылуда. Нəтижесінде бүгінгі күні дүниежүзінің 165 еліндегі 814 тарихи-мəдени ескерткіш əлемдік мұра санатына еніп, қорғауға алынған.

Қазақстан аумағында мемлекеттік маңызы бар 11 мыңға жуық ескерткіш тіркеуге алынған. Оның сыртында алдын-ала тіркеуге қойылған ескерткіштер бар. Соңғы уақытта жүргізіліп жатқан зерттеулердің нəтижелерін ескеретін болсақ, ескерткіштер санының арта түсетіні де сөзсіз. Ендігі жерде осынау сан мыңдаған тарихи мұра нысандарының қайсысында, кімдер, қандай зерттеулер жүргізуде деген заңды сауал туындайды. Археологиялық ескерткіштерде зерттеу жұмыстарын жүргізуді ҚР «Тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану туралы» Заңының 40-бабына сəйкес арнайы мемлекеттік лицензиясы бар заңды жəне жеке тұлғалар ғана жүзеге асыра алады.

Ағымдағы жағдайда лицензия беру ісі Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің Мəдениет жəне өнер істері департаментіне қарасты Тарихи-мəдени мұралар басқармасы тарапынан жүзеге асырылады.

Лицензия беру тəртібі мемлекеттiк қызмет стандартына сəйкес халыққа қызмет көрсету орталықтары жəне «электрондық үкiмет» веб-порталы арқылы жүзеге асырудың бірыңғай тəртібі енгізілген.

2007-2016 жылдар аралығында құзырлы мекемелер тарапынан Қазақстан аумағында зерттеу жүргізуге 599 лицензия берілген. Оның ішінде заңды тұлғалар үшін археологиялық зерттеулерге ‒ 254, ғылыми-реставрациялық жұмыстарына ‒ 299, археология жəне реставра- ция жұмыстарын қатар жүргізуге ‒ 23 лицензия берілген. Ал, жеке тұлғалар үшін археологиялық зерттеулерге 17, ғылыми-рестав- рациялық жұмыстарына 6 лицензия берілген.

1

Cонымен қатар, заңнамалық өзгерістерге сай 2014 жылдың соңынан бастап лицензия шексіз мерзімге берілуде. Демек, қазіргі таңда жалпы саны 133 жеке жəне заңды тұлғаның қолында Қазақстан аумағында археологиялық жəне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге лицензия бар жəне бұл сан күн өткен сайын өзгеріп, толығу үстінде.

Енді осы берілген лицензиялар бойынша атқарылған жұмыстардың нəтижелерін саралап көрсек. Өкінішке қарай, лицензия алған жеке тұлғалар мен мекемелердің қайсысы қай өңірде, қай ескерткіште қандай зерттеу жүргізгендігі жайлы толық ақпарат алу мүмкін емес. Тек арнайы мемлекеттік тапсырыс орындаған (гранттық, бағдарламалық т.с.с.) жеке тұлғалар мен мекемелердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының есептері ғана Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының мұрағатында сақталуда. Ал, мемлекеттік тапсырыстан тыс атқарылатын (жер пайдалану, су қоймасы, жол салу, құрылыс жүргізу т.б.) жұмыстарды жүзеге асырған немесе жеке демеушілердің ұсыныстары арқылы орындалған археологиялық ғылыми зерттеулердің нəтижелерін анықтау мүмкін емес. Егер заңға сүйенетін болсақ, тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану туралы Заңның 40-бабында Қазақстан Республикасының жəне басқа мемлекеттердің заңды жəне жеке тұлғалары Қазақстан аумағында жүргізген археологиялық зерттеулер нəтижесінде алынған барлық материалдар мен табылған заттар ғылыми тіркеліп, өңделгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейлеріне беріліп, олардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге əкетілуіне тыйым салынатындығы нақты көрсетілген. Бірақ, заңның осы талаптарын орындаудың тетіктері жіті қарастырылмаған. Оған қоса лицензия алушылардың жүргізген зерттеу жұмыстарын бақылау жəне қорытынды нəтижелерін алу туралы ешқандай талап белгілері көрсетілмеген. Соның салдарынан дəл қазір Қазақстан территориясында қай жерде қанша тарихи-мəдени ескерткіштің зерттелгендігі жəне зерттеу барысында табылған тарихи жəдігерлердің қай жерге өткізіліп жатқандығы белгісіз.

Тағы бір алаңдатарлық жағдай, бүгінде көптеген адамдар археологиямен айналысуға əуестеніп жүр. Мəселен, тиісті біліктілігі жоқ түрлі мамандықтың өкілдері, мұражай қызметкерлері, университет ұстаздары жəне кəсіби археологиялық қызметке тікелей қатысы жоқ адамдар археологиялық іздеу, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Олардың көпшілігі археологиялық зерттеудің əдіс-тəсілдерін жіті білмейді. Соның салдарынан археологиялық ескерткіштің мəдени қабаттарының бұзылуы, маңызды бөліктерінің жойылып кетуі сияқты жағдайлар орын алып жатады. Оған қоса республикамыздың кейбір аймақтарында тұрғындар архитектуралық ескерткішті өздерінің арғы тегіндегі есімі белгілі тұл- ғаның құрметіне салған ескерткіш (кесене, үй, қора т.с.с.) деп есептеп, өздігінен «реставрация» жасауға тырысатыны туралы көптеген деректер бар.

2

Міне, бұл аталған жайттардың барлығы да мемлекеттің арнайы берілетін лицензиясы арқылы арнайы мамандардың міндетіне кіретін жұмыстар. Ары қарай не істеу керек?

Енді бұл қордаланған мəселелердің оң шешімін табу үшін тарих пен мəдениет ескерткіштерінде археологиялық жəне ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыруға лицензия берудің талаптарына толықтырулар енгізу қажет. Айтар болсақ, археологиялық жəне ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізуге өтініш білдірген заңды тұлғаларға қойылатын талаптардың қатаң ережесін жəне қадағалаудың нақты тетіктерін бекіту қажет. Сондай-ақ, лицензия алған жеке немесе заңды тұлғалардың жүргізген жұмыстары туралы ғылыми есебінің бір дана көшірмесін жəне табылған археологиялық жəдігерлерді жергілікті, облыстық, аудандық құзырлы мекемелерге (музей, инспекция, басқарма т.с.с.) жəне мемлекеттік музейлерге өткізу міндетті. Берілетін лицензияның санатын белгілеу. Яғни, археологиялық қазба, барлау, бақылау жəне табиғи апаттан бұзылып жатқан немесе шаруашылық жұмыстары кезінде кездейсоқ ұшырасқан археологиялық ескерткіште зерт- теу жүргізу үшін рұқсат беретін лицензияның əртүрлі санаттарын белгіленудің маңызы зор.

3

Лицензия алушылардың жылдық қорытынды нəтижелерін жариялап отыруды, сонымен қатар, Қазақстан аумағында археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізгуге лицензия алған барлық зерттеушілер, жоба, қазба жетекшілері мен ұйым басшыларының жыл сайынғы қорытынды есептерінің тыңдауын өткізуді қолға алып, нəтижесі əлсіз, əлеуеті төмен зерттеулер мен жобалар талқыланып, қажет болған жағдайда оларды тоқтатудың тетіктерін қарастыру керек. Бұл жоғарыда аталған мəселенің барлығын мемлекеттік лицензияның талап, міндеттеріне енгізе отырып, аталмыш жүйенің төңірегінде оңтайлы өзгерістер жасау кезек күттірмейтін істердің бірі.

Айбар КАСЕНАЛИН, Сырым ЕСЕНОВ,

ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты

Тарихи-мəдени мұра нысандарына мониторинг жəне

сараптама жүргізу бөлімінің қызметкерлері.

Мақала "Президент және халық" газетінің №9 (599) 10-наурыз, жұма, 2017 жыл санында жарық көрді. 

Суреттер интернет желісінен алынды.