Биыл облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен «Шығыс Қазақстан облысында археология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. «Патшалар алқабы» деп аталған бағдарлама конкурсына 17 жоба келіп түсіп, солардың ішінен көрнекті деген 5 тарихи ескерткіш зерттелуге таңдалып алынған болатын. Олар: Қатонқарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті, Өскемен қаласы маңындағы Аблайкит, Абай ауданындағы Қырықүңгір және Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы ескерткіштері болды. 

 1
 Рис 1

Бұл жер бұрын-соңды зерттелмеген

Бұған дейін ғалым Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен Тарбағатай ауданының Ақсуат, Аққала, Шыбынды ауылдарының маңындағы қорғандарға қазба жұмыстары жүргізілген. Алайда, бұл жерлердегі қорғандар толық тоналып кеткендіктен, бірлі-жарым жебенің ұшы, белдіктің әшекейі сияқты ұсақ-түйек заттар ғана табылған. Қазір олар Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы.
Ал 2011 жылы Қызылкесік, Көкжыра, Екпін ауылдық округтеріне археологиялық барлау жұмыстарын жүргіздім. Барлау жұмысы дегеніміз - алдын ала бір жерлерді көріп, сыртқы пішініне қарап, оның қай дәуірге жататынын анықтау. Осы үш ауылдық округтен сол жылы 86 археологиялық ескерткішті анықтап, тізімдеп, төлқұжатын жасап, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияға тапсырдым.
Суы бал, шөбі шүйгін Тарбағатай өңірінің көне замандардан-ақ адамзат баласының құтты мекені болғанын зерттеу жұмыстары барысында көріп жүрміз. «Қойнауына құт қонған Тарбағатай» деп ақын С.Жұматов айтқандай, Тарбағатай ежелден неше жұрт келіп, неше жұрт кеткен мекен екені белгілі. Елеке сазы бұрын зерттелмеген. Алғаш рет археологтардың аяғы тиіп, тұңғыш рет қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлау жұмыстары барысында жергілікті бақташылардың айтуы бойынша, Елеке сазы деген ерекше жер бар екенін естіп білдім, арнайы барып көрдім. Расында, Елеке сазы қорғаны басқаларға мүлде ұқсамайды, бөлекше мәдениет. Елеке сазы жайлауын «Патшалар алқабы» деп айтуға толық негіз бар. Бұл жерде жеті қорым, 300-ден аса қорған бар. Ең үлкен қорғанның диаметрі 120 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Осы қорғанның қасында диаметрі 100 метр тағы бір қорған бар. Бір ерекшелігі, біз қазып жатқан қорғанның сыртында (50 метр қашықтықта) тас сақинасы бар. Құрылымына келер болсақ, қорған үш бөліктен тұрады. Бірінші қабаты тастан қаланған, одан кейін топырақпен қапталып, оның сырты кайта тастан қаланған.
Сыртқы формасына қарағанда Жетісудағы ерте темір дәуірінің ескерткішіне өте жақын, ұқсайды. Сыртқы пішіндеріне және құрылымдарына қарағанда бұл қорғандар ерте сақ кезеңімен мерзімделеді. Бұл қорғандарды Шілікті алқабындағы қорғандармен, сонымен қатар, Жетісудағы Бесшатыр, Тывадағы Аржан, Хакасиядағы Салбык қорғандарымен салыстыруға болады.

 2
 Бұғылар

 Бұғылар – бейбіт өмірдің символы

Қазіргі таңда қазба жұмыстары жүріп жатыр. Бұған қоса Көкжыра, Екпін, Ақсуат ауылдарынан жұмысшылар барып қазба жұмыстарын жүргізуде. Оларды жатын орын, уақтылы тамақпен қамтамасыз ету де біздің мойнымызда. 

Алғаш жұмыс басталар кезде аудандық білім беру бөлімінің басшысы С.Дауытбаеваның өзі хабарласып: «Жұмыстарыңызды бастағалы жатыр екенсіздер, бізден қандай көмек керек?» деп сұрады. Ол жерде қаншама жұмысшы бар, сондықтан, жатар орынға көрпе-жастық болса деп тілегімізді білдіргенбіз. Өтінішімізді жерде қалдырмай, интернаттан матрас, көрпе-жастық бергізді. Көкжыра ауылдық округінің әкімі Д.Жанат та әрдайым хабарласып, хал-жағдайымызды біліп тұрады. Облыстық мәдениет басқармасынан, облыстық инспекциядан да хабарласып тұрады. Ол кісілерге үлкен рахмет!
Таяуда Семей қаласындағы Д.Қалматаев атындағы медицина колледжінен Ерік Балқанбаев деген оқытушы мен осы колледждің студенті Гүлназ Тұрарғазиева келіп, қазба жұмыстарына қатысайықшы деп өздері өтініш білдірді.
Қорған құрылысы жағынан ерте темір дәуіріндегі Жетісу жеріндегі ескерткіштерге ұқсас болып шыққан еді. Ал қазба жұмысы барысында қоладан жасалған жебелер, алтыннан істелген бұғылар мен пішіні кеңірдек іспетті алтындар табылды. Осы жәдігерлер бұл қорғанның тұрғызылған уақытын анықтауда негізгі дәлел бола алады. Осы жәдігерлерге қарағанда бұл қорған б.з.б. 7 ғасырлармен мерзімделеді. Яғни, ерте сақ заманының құнды мұралары болып табылады. Пішіні ромб тәрізді қола жебелер Алтайдағы Майемер қорымдарынан табылған және осыған ұқсас жебелер Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетінде, сондай-ақ, Шіліктіде де бар. Ал кеңірдек іспетті алтын түтіктер жебенің ағашқа байланар тұсында тұрады. Ал алтыннан жасалған бұғылар бейнесіндегі киімнің жапсырмалары Шіліктіден табылған бұғыларға өте ұқсас.

Бұғы образы ерте көшпелілер өмірінде ерекше маңызға ие болған. Тарбағатайдағы барлау жұмыстары кезінде осы ерте сақ кезеңіне жататын бұғы бейнелері бар көптеген жартас суреттері табылған. Жартастарға бұғы суреттерін салған көшпелі сақтардың нақты өмірлерінде де бұғы үлкен құрметке ие болғандығын біз осы қазбалардан көріп отырмыз. Бұғылар әртүрлі мәнерде бейнеленген. Мысалы: осы Елеке сазынан табылған мүйізі жоқ, құлақтары үлкен етіп бейнеленген бұғылар бейбіт өмірдің символы болса керек. Одан бөлек Шіліктіде мүйіздері өріліп бейнеленген бұғылар, Тарбағатайдағы жартастарда құс тұмсықты бұғылар бар. Құс тұмсықты бұғы бейнелерінде бақсылық идеологиясы дамуының негізі көрініс тапқан және негізгі образ бұғы – құс образы болған. Ол аспандағы жоғары әлем туралы түсініктің дамуымен бір мезгілде пайда болған. Бақсы-медиатор аспанға, күнге жақын құс образын қабылдаған және жоғарғы әлемге ұшуға бұғының жылдамдығы орнитоморфты қалыпты қабылдауға қабілетті басты көмекші-рух ретінде бақсылардың қамқоршылары болып қайта жаңғыртылған деп қабылдаған жөн. Осындай киелі құс тұмсықты бұғылар бейнелері біздің экспедиция жұмыстары кезінде осы Тарбағатайдағы Өкпеті, Қызылтастағы Молдажар қыстағы мен Ақжайлауда кездесті.
Егер Шығыс Қазақстанда осы ескерткіштердің негізгі ареалына жақын орналасқан аймақта бастары құстұмсықты бұғылардың суреттерімен қатар Елеке сазы мен Шіліктіден бұғы бейнесіндегі алтын жәдігерлердің табылуын заңды құбылыс – деп қабылдаған жөн.
Сонымен қатар алғашқы темір дәуірінде текті бұғы образы скиф-сақ қоғамының өзіндік эмблемасына айналды және жаратушы күнге табыну мен ата-баба рухын дәріптеуге, басқа да діни-мифологиялық көзқарастармен байланысты болды. Олар алғашқы сақ бейнелеу ескерткіштері сериясының стилін талдау және хронологиялық тұрғыда атрибуциялау және олардың семантикасын түсіндіру үшін эталонды болып табылады.
Ерте көшпелілер кезеңінде пайда болған сақ термині қытай деректеріне қарағанда «Saka» еркек бұғының атауынан бастау алады. Осындай «тұяқтарының ұшымен тұрған» бұғылар бейнесі қола дәуірінің соңы мен ерте темір дәуірінің басындағы бұғытастар мен металл пластиктердегі бұғының бейнелері ретінде біздің заманымызға дейінгі VIIІ-VII ғ. Шілікті мен Жалаулы мұраларында да кең таралған.
Осындай бірегей ескерткіштермен қатар тұратын Елеке сазы ескерткіштерін зерттеу ісі 2017-2018 жылдары да жалғасын табады. Болашақта Қазақстан тарихының көне кезеңдеріндегі атақты Берел мен Шілікті сияқты мұралар қатарында ашық аспан астындағы мұражай болады деген үмітіміз бар.

Қорғанды тонаушылар тыйылмай тұр

Қорған тоналған болып шықты дедік қой. Ол өз заманында тоналған болуы мүмкін. Мұндайды сыртынан байқау мүмкін емес. Одан кейінгі тонаушылар 1-Петр кезінде болған. Эрмитажда 1-Петрдың коллекциясы деген зал бар. Сол залдағы 2 млн. жәдігер осы Шығыс Қазақстаннан барған дүниелер деседі. Оның залға қойылмай, жертөледе жатқаны қаншама?! Ойлап қараңыз, біз қандай құнды дүниелерімізден айырылып қалғанбыз.
Одан бөлек қазір де осы қорғандарды тонаушылар бар көрінеді. Біз қазып жатқан қорғанның жанындағы бір қорғанды былтыр күзде ме, биыл көктемде ме, біреулер трактормен барып қазып кетіпті. Бұл тонаушылар арнайы аппаратпен жүріп тонайды екен. Қорғанның орта беліне дейін қазып кеткен. Бұны нағыз қастандық деп айтуға болады. Олар осы әрекеттері арқылы қоғамға, болашақ ұрпаққа үлкен зиян келтіріп отырғанын түсінсе болар еді. Тарихи-мәдени ескерткішті бұзғаны үшін, ішіндегі құнды заттарды алып кеткені үшін олар жауапкершілікке тартылады. Бұл заңда қарастырылған, 3-8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Тонаушылар ол мұралардың баға жетпес құндылық екендігін, осы жерді мекендеген көшпелі жұрттың адамзат өркениетіне қосқан үлесі екендігін түсінсе екен деген тілегім бар.
Қорыта келе айтарым, Елеке сазы жйлауында осындай ерекше ескерткіштер бар екендігін алғаш ашып, ғылыми айналымға енгізгеніме өте қуаныштымын. Осы жобаларды қолдап бағдарламаға енгізген Даниал Кенжетайұлына алғысым шексіз. Бұл табысымды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын.

Ерден Оралбай, Ә.Марғұлан атындағы  археология институтының  аға ғылыми қызметкері.

Дереккөз: http://didar-gazeti.kz/5620-eleke-sazynda-erekshe-eskertkshter-mol.html?_utl_t=fb